
Қостанай ауданының мектеп оқушылары Ыбырай Алтынсарин кесенесіне танымдық сапарға аттанды
Қостанай ауданында қасиетті жерлерге тағзым етіп, жастарды тарихи-мәдени мұрамен таныстыру мақсатында игі істер жүзеге асырылып келеді.
Осындай рухани бағыттағы бастамалардың бірі – «Жанашыр бол» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен экскурсия. Бұл жолы «Қостанай ауданының білім бөліміне қарасты Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясы» КММ-нің жоғары сынып оқушылары қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин жерленген кесенеге барып, тағылымды саяхат жасап қайтты.
Экскурсия барысында оқушылар Ыбырай Алтынсариннің өмір жолымен, ағартушылық қызметімен тереңірек танысты. Оның қазақ балалары үшін ашқан алғашқы мектептері, ұлттық жазба әдебиетінің дамуына қосқан үлесі, ұрпаққа қалдырған өсиеті мен шығармалары жайлы тың мәліметтер алды.
Экскурсовод Дана Мырзабаева да бұл тарихи орынды келушілердің көп екенін айтып өтті.
– Экскурсияға келушілер өте көп. Негізінен оқушылар мен студенттер, сондай-ақ еліміздің басқа аймақтарынан арнайы келетін саяхатшылар бар. Бұл – қуантарлық жағдай. Әрбір адам осы қасиетті орынды көріп, рухани азық алуға ұмтылатыны қуантады. Келушілер үшін тың мәліметтер беру – біздің міндетіміз, – дейді Дана ханым.
Ыбырай Алтынсариннің кесенесі Қостанай қаласынан 7 шақырым жерде, Тобыл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Бұл жер – еліміздің киелі нысандарының бірі. Ағартушы 1889 жылы дүние салып, көзі тірісінде өзі таңдап алған «Имперская көлі» маңына жерленген. Кейін, 1947 жылы Қостанай қалалық кеңесі бұл жерді ресми түрде қорғауға алса, 1961 жылы қабір басына алғаш мәрмәр тас қойылды. Ал 1991 жылы Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдығына орай мұнда қызыл кірпіштен жасалған кесене бой көтерді. Кейін 2017 жылы кесенеге қайта жөндеу жүргізілді, құрылыстың ауданы мен биіктігі ұлғайтылды.
Жастар пікірі мен әсері
Міне, оқушылардың рухани танымын кеңейтіп, тарихи санасын тереңдетуге бағытталған бұл экскурсия жас буын үшін ерекше әсерлі сәттерге толы болды. Ыбырай Алтынсариндей ұлы тұлғаның өмір жолына сапар шегу – олардың болашаққа деген көзқарасына да ықпал етері сөзсіз. Экскурсия барысында 10-сынып оқушысы Жанай Темірбек те өз ойымен бөлісті.
– Бұл сапар мен үшін өте әсерлі болды. Бұрын Ыбырай Алтынсарин туралы тек оқулықтардан оқысам, бүгін оның жерленген жерін өз көзіммен көріп, шынайы рухани байланыс орнағандай сезіндім. Ол – нағыз халықтың ұстазы. Білімге, адал еңбекке үндеген сөздері әлі күнге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Мұндай тарихи тұлғаларды есте сақтау – әрбір қазақ жастарының борышы деп ойлаймын. Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен, – дейді ол.
Жастардың бұл пікірлері олардың ұлттық болмысқа, тарихи тұлғаларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Жобаның басты жетістігі де – осындай саналы ұрпақ тәрбиелеу.
– Біз Ыбырай Алтынсарин жерленген қасиетті мекенге келдік. Өзіміз білмеген көп мағлұматтарға қанық болдық. Ол кісінің шығармалары – білімге, имандылыққа, еңбекке үндейді. Мәселен, «Мейірімді бала», «Кел, балалар, оқылық», «Әкемен бала» сынды шығармаларының тәрбиелік мәні өте терең. Егер мен Ыбырай Алтынсаринмен кездесуге мүмкіндік алсам, қазақ жастарының білімге ұмтылуында ол қандай әдістерді тиімді деп санағанын, бүгінгі жастарға қандай кеңес берер еді, деп сұрар едім, – дейді оқушылардың бірі Айша Берікқызы.
Бұл танымдық шара «Тамыры терең тарих» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – Қостанай ауданындағы қасиетті, тарихи орындарды насихаттап, жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру. Жобаның тапсырыс берушісі – Қостанай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, ал іске асырушысы – «Жанашыр бол» қоғамдық қоры.
Мұндай экскурсиялар жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға, ұлттық рухты оятуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Рухани жаңғырудың жарқын үлгісі ретінде бұл бастамалардың жалғасы табары анық.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31