Университеттің құрылу тарихы мен қазіргі таңдағы көрінісі

Биыл Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы ерекше датаға орай, университет өз тарихын зерттеуге 20 жылдан астам уақытын арнаған белгілі ғалым, тарихшы Аманжол Күзембайұлымен сұхбат ұйымдастырды. Тарихшы 400-ден астам ғылыми еңбек пен 52 кітап, монография авторы ретінде танымал.

Университеттің құрылу тарихына тоқталып, Аманжол Күзембайұлы былай деді:

– Біздің оқу орнымыздың тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Сол кезде мұғалімдердің, әсіресе, қазақ тілінде сабақ беретін ұлттық кадрлардың жетіспеушілігі байқалды. Кеңес үкіметі бұл мәселені шешу үшін ірі аймақтық орталықтарда оқу орындарын ашуды қолға алды. 1921 жылы республикада бар болғаны төрт халық ағарту институты жұмыс істеді, олар мектептерді қажетті педагог мамандармен қамтамасыз ете алмады. Осы мәселелерді шешу мақсатында 1923 жылы Қостанайда педагогикалық техникум ашылды. Дегенмен, бұл жеткіліксіз болды, өйткені мектептер саны күннен-күнге артып отырды. Қазақ тілінде білім беретін мұғалімдер өте аз еді, бұл жағдайды жақсарту үшін ондаған жылдар қажет болды, – дейді тарихшы.

Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институты, 1940 ж.

Сондай-ақ, тарихшы университетке Ахмет Байтұрсынұлы есімінің берілуі туралы пікір білдірді.

-1992 жылы Қостанай мемлекеттік университетіне Ахмет Байтұрсынұлының аты берілген кезде, бұл ұлттық мәдениет пен рухани мұраның қайта жаңғыруының символына айналды. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ағартушылық тарихында маңызды тұлға, оның есімінің университетке берілуі ұлт мұрасы мен мәдениетін сақтаудағы маңызды қадам болды.

Аманжол Күзембайұлы университеттің соңғы жылдардағы өзгерістерін де атап өтті.

Талқылау сәті. Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін ашу алдында.

-2000 жылдан бастап біздің университет Еуропа елдерінде танымал «Болон процесіне» қосылды. Бұл қадам біздің дипломымызды Еуропа елдерінде мойындатып, түлектерімізге Чехия, Бельгия, Франция сияқты елдерде қызмет етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы студенттеріміз Германия, АҚШ сияқты елдерге барып, білім алып келеді. Бұл халықаралық тәжірибе олардың біліктілігін арттыруға және жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізуде.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті соңғы жылдары айтарлықтай дамып, ғылыми-зерттеу бағытында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Оқу орнында заманауи жабдықтармен қамтылған зертханалар жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы, экология, ақпараттық технологиялар, гуманитарлық ғылымдар салаларында маңызды зерттеулер жүргізілуде.

-Университетте аймақтық және халықаралық деңгейде бірқатар ірі зерттеулер жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – қоғамға қажетті өңір дамуына үлес қосатын зерттеулерге басымдық беру. Бүгінгі таңда университетімізде жас ғалымдар үшін кең мүмкіндіктер қарастырылған, – деді тарихшы.

Университет тек қана білім беру орны ғана емес, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды орталық ретінде танылуда. Университет түлектері өңірдегі түрлі салаларда қызмет етіп, аймақтың дамуына зор үлес қосып келеді.

-Біз болашақта ғылыми әлеуетімізді күшейтіп, халықаралық әріптестіктерді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жаңа технологияларды игеру, студенттердің практикалық дағдыларын арттыру – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Университетіміздің әрбір студенті сапалы білім алып, өз саласында кәсіби маман ретінде танылуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз, – деп қорытындылады Аманжол Күзембайұлы.

Сонымен қатар, университеттің қиын кезеңдері жайлы сұрағанымызда, тарихшы бұл мәселенің бірі тілге қатысты болғанын айтты. Бұрын қазақ бөлімі мүлдем болмаған, ал қазіргі таңда студенттердің жартысынан көбі қазақтар. Бұл жағдайды тарихшы қуанышты жайт деп есептейді. Кейінірек «Серпін» бағдарламасы пайда болып, оңтүстіктен солтүстікке студенттерді оқуға тарту мәселесі оң шешімін тапты. Олар оқу бітіріп, өз туған жерлеріне оралса да, жергілікті тұрғындар жас мамандарды беделді жұмысшы ретінде мақтап, университетті әрқашан еске алып отырады екен. Бұл еліміздің түкпір-түкпірінде Қостанайдағы жоғары оқу орнының ерекше орынға ие екенін көрсетеді.

-90-жылдар бойы қостанайлықтардың өмірінің көптеген әлеуметтік жақтары құлдырау шегінде қалды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет сияқты маңызды салаларда білікті кадрлармен толықтыру айтарлықтай қиындықтарға тап болды. Осы қиын кезеңде университетті жаһандық стратегиялық көзқарасы бар және ерекше ұйымдастырушылық қабілеті бар талантты басшы басқарды, – деді тарихшы.

Ұжымның салтанатты жиналысында алғашқы ректор оқу орнының мәртебесін өзгерту, ең алдымен, Қостанай облысының тұрғындарына, оның өскелең ұрпағына үлкен сыйлық екенін атап өткен. Енді заңгер, журналист, экономист, филолог және басқа да мамандықтарды алу үшін балаларға ата-анасынан алысқа кетіп, Алматыға, Қарағандыға, Целиноградқа немесе басқа қалаларға барудың қажеті жоқ еді.

-Бірегей адами және іскерлік қасиеттерге ие, кең білімді, зиялы ғалым-тарихшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Зұлқарнай Алдамжарұлының академиялық және кәсіби қоғамдастықтағы беделі өз рөлін атқарды. Ол жастардың патриотизмін, ұлттық мәдениетке құрметпен қарауды дамытуға ерекше назар аударды, сондықтан оның басшылық ету кезеңінде алғаш рет қазақ тілінде оқуға студенттерді қабылдау тұрақты негізде жүзеге асырылды, – дейді Аманжол Күзембайұлы.

Университет түлектері қазір үлкен қалалардың беделді орындарында қызмет етіп қана қоймай, сонымен қатар университет қабырғасында, облыстық білім басқармасында, қаламыздағы мектептерде директор ретінде де еңбек етуде.

Қазіргі Baitursynuly University — қос дипломдық бағдарламаларды сәтті жүзеге асырып, шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық аясында белсенді ынтымақтасатын университет.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің стратегиясы көрсетілетін білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, тұрақты дамуға бағытталған. Университет еліміздің білім беру, ғылым және жастар саясаты саласындағы ұлттық және өңірлік басымдықтарды белсенді жүзеге асырып, заманауи білім беру талаптарына сай дамуда. Сонымен қатар, университет білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялау негізінде инновациялық технологиялар арқылы сапалы білім беру қызметтерін ұсынатын, заманауи менеджмент жүйесі бар инновациялық өңірлік университет ретінде өз орнын айқындап келеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті болашақ мамандарды дайындауда бәсекеге қабілеттілік пен жоғары сапаны қамтамасыз етуге ұмтылады, олардың кәсіби дамуы мен қоғамға қосар үлесін арттыруды мақсат етеді.

85 жылдық тарихы бар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті сапалы білім беру, ғылыми зерттеулерді дамыту және қоғамға пайдалы болу жолындағы миссиясын лайықты атқаруда. Болашақта да университет ұлттық және халықаралық деңгейде беделін нығайтып, еліміздің білікті мамандарын дайындау жолында қызмет етуді жалғастыра бермек.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ және университет ұсынды

Редактор

Recent Posts

Можно ехать! Закрытые трассы в Костанайской области – открыли

В связи с улучшением погодных условий 31.10.2024 года с 11:20 принято решения об открытии движения…

9 часов ago

Облысымызда медиация жобасы мәресіне жетті

Биылғы жылдың сәуір айында басталған жоба аясында Қостанай облысындағы білім беру мекемелерінде медиативтік мектептер құрылды.…

9 часов ago

Большие победы юной спортсменки из Костаная

Жания Бекмухамбетова, ученица 5 класса общеобразовательной школы №7 города Костаная, одержала сразу две победы на…

1 день ago

Проблему утилизации опасных отходов подняли областные власти

Контейнеры для ртутьсодержащих ламп вызывают нарекания у чиновников области (далее…)

1 день ago

Проект по очистке русла реки Тобол продлен еще на один год

Это было отмечено на аппаратном совещании в областном акимате  по вопросу экологического состояния региона. (далее…)

1 день ago

В Костанае планируют построить завод по переработке макулатуры

Об этом на совещании с участием акима области рассказал и.о руководителя департамента экологии  Куаныш Елеусенов.…

2 дня ago

This website uses cookies.